«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында жалпы 18 қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істеп тұр. Оларға 2022 жылдың қаңтар-маусым айларында 9735 арыз-шағым келіп түскен. Оның ішінде 5066 өтініш оңтайлы шешіліп, 4546-на заң аясында кеңестер берілді. Ал 123 шағым қаралу үстінде. Ең көп арыз-өтініш Жетісай, Сарыағаш, Түлкібас аудандары мен Түркістан қаласының тұрғындары тарапынан тіркелген.Қабылдауларда көтерілген мәселелер және электронды база арқылы тіркелген арыздардың 44,3%-ы әлеуметтік көмекке мұқтаждық бойынша, 19,3%-ы тұрғын-үй коммуналдық мәселелер, 8,7%-ы баспана және жер учаскесін алу, 8%-ы еңбек құқығын қорғау оның ішінде жұмысқа орналасу, заңсыз жұмыстан шығару және еңбекақы өндіруге қатысты. Қалған бағыттар бойынша да түрлі талап-тілектер назарға алынған. Атап айтқанда денсаулық сақтау және білім беру, кәсіпкерлікті қолдау, несиелендіру және субсидия алу, халықты құжаттандыру, агроөнеркәсіптік кешен, жайылым жер, сот және құқық қорғау жүйесі, сондай-ақ тағы да басқа шағымдар қаралды.Облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаевтың айтуынша жыл басынан бері жалпы 1871 қоғамдық қабылдау өткізіліп, 6665 азаматтың мәселесі қаралған. Оның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары тұрғындарға 20 жеке қоғамдық қабылдау өткізіп, 198 азаматтың ұсыныс-тілегін тыңдады. Мәслихаттағы партия фракциясы депутаттары да 778 қабылдау жүргізген. Олар 2300-ден аса тұрғынмен кездесіп, өтініштердің оң шешілуіне атсалысқан.