Шымкентте шомылу маусымына орай халық арасында қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстары жандана түсті. Тұран ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен аудан әкімі аппаратының қызметкерлері мен "Жастар рухы" Жастар қанатының белсенділері тұрғындарға шомылу кезіндегі сақтық шараларын ескертті.
Жазғы шомылу маусымының басталуына орай, қала аумағында Тоғыс және Бадам су қоймаларындағы «Холодильник» және «Рахат Бадам» демалыс орындарында, Қошқар ата өзенінің бастауында және қаладағы жеке аквасаябақтарда шомылуға рұқсат етілген. Сонымен бірге, шомылуға тыйым салынған 13 су айдындары ресми түрде айқындалған. Олар «Текесу», «Ақжар» су қоймалары; «Бадам», «Сайрам», «Қарасу» өзендерінің барлық арнасы; «Шымкент магистральды каналы; «Янги-шек», «Азат», «Көкбұлақ», «Хауау», «Сасық» каналдары, «Қайнарбұлақ» жасанды көлі; «Қошқар ата» өзенінің (өзеннің бастауынан басқа) барлық арнасы.
Су айдынында қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар:
- Бейтаныс жерлерде шомылмаңыз;
- Суға мас күйінде түспеңіз;
- Балаларды судың маңайында қараусыз қалдырмаңыздар;
- Жүзу үшін тақтайша, камера, пенопласт, үрмелі матрастарды қолданбаңыз;
- Суда түсерде камераны, допты, тақтайшаны қолдануға;
- Жүзу білмесеңіз, суға беліңізден жоғары түспеңіз;
- Суда ойнауға;
- Түнде суға шомылмаңыздар;
- Жағалаудан алыс жүзіп кетпеңіз.
ШОМЫЛУШЫЛАРҒА КЕҢЕС!
- Суға абайлап түс.
- Жүзу білмесең, суға белден аса тереңдікке барма.
- Жалғыз шомылмауға тырыс.
- Егер де ағысы қатты суға түсіп кетсең, ағысқа қарсы жүзуге тырыспа, оған шамаң жетпейді. Мұндай жағдайда жағаға жақындайтындай болып ағыс бойымен жүзуің керек.
- Көмекке шақырудан ешқашан ұялма.
- Балалардың суға шомылуы тек ересектердің бақылауымен жүргізілуі керек.
Шомылуға рұқсат етілмеген орындарда және қала ішіндегі субұрқақтарға суға түсу адам өміріне қауіпті екенін ескертеміз!
Аудан аумағында орналасқан "Ақжар" су қоймасының бойында қала тұрғындарына судағы қауіпсіздік ережелері бойынша үгіт насихат жұмыстары жүргізілді. Көпшілікке арнайы жадынама парақтары таратылып, шомылуға рұқсат етілген нысандар туралы ақпарат берілді, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.