Елордалық кардиолог мамандар Шымкентте балалар жүрек ақауларын емдеу тәжірибесімен бөлісті

Елордалық кардиолог мамандар Шымкентте балалар жүрек ақауларын емдеу тәжірибесімен бөлісті

Ағымдағы жылдың 23–24 қаңтарында Астана қаласындағы UMC Жүрек орталығының жетекші мамандары Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келіп, Облыстық балалар ауруханасында шеберлік сағатын өткізді. Іс-шара «Балалардағы туа біткен жүрек ақаулары: ерте диагностиканың маңызы, ата-аналарды қолдау және медицина мамандарының біліктілігін арттыру» тақырыбына арналды.

Шымкент қаласында 18 жасқа дейінгі 500 мыңнан астам бала тұрады, олардың шамамен 1,5 мыңы туа біткен жүрек ақауларымен диспансерлік есепте тұр. Жыл сайын жаңа туған нәрестелер арасында 300-ге жуық жүрек ақауы анықталады.

Мамандар туа біткен жүрек ақауларының алғашқы кезеңде белгісіз өтуі мүмкін екенін атап өтті. Сондықтан ерте диагностика – баланың өмірі мен болашақ денсаулығын сақтаудың негізгі тетігі. Қазіргі таңда Қазақстанда мұндай ақауларға хирургиялық көмек Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы ірі орталықтарда көрсетіледі.

2024 жылы елімізде туа біткен жүрек ақаулары бар балаларға 1,7 мыңнан астам операция жасалса, оның 500-ге жуығы UMC Жүрек орталығында орындалған. Ал 2025 жылы Шымкент қаласында 58 балаға ота жасалып, олардың басым бөлігі өңірдің өзінде ем алды.

Қазіргі заманғы пренатальды скрининг әдістері жүктіліктің 18–21 аптасында ауыр жүрек ақауларының 85 пайызын анықтауға мүмкіндік береді. Әсіресе фетальды эхокардиография әдісі күрделі патологияларды ерте кезеңде анықтауда маңызды рөл атқарады. Ерте қойылған диагноз ата-аналарға босануға дайындалып, қажетті медициналық көмекті алдын ала жоспарлауға жағдай жасайды.

Шеберлік сағаты аясында 30-дан астам педиатр, неонатолог және функционалды диагностика дәрігерлері шеберлігін шыңдады. Практикалық сабақтар барысында 8 балаға тексеру жүргізіліп, ата-аналармен «Пациенттік мектеп» жобасы аясында ашық форматта кездесу өтті. UMC Жүрек орталығының мамандары – балалар кардиологы Айкерім Жанатқызы, балалар кардиохирургі Ғалымжан Өтегенов және анестезиолог-реаниматолог Ксения Какорина өз тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен қатар, Heart Center Foundation ұйымдастыратын «Пациенттік мектеп» жобасы ата-аналар мен медицина қызметкерлерінің білімін арттыруға бағытталған. Биыл бұл жоба аясында еліміздің 7 қаласында конференциялар өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ата-аналарға арналған Telegram желісінде онлайн чат іске қосылған.

Мұндай бастамалар өңірлерде жоғары мамандандырылған медициналық көмекті дамытуға және балалардың денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Жобаны ұйымдастырушы — Heart Center Foundation Қоғамдық қоры.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік саласын...