Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруде жастардың үлесі айрықша маңызға ие. Заманауи біліммен қаруланған және жаңашыл көзқарасы қалыптасқан жас буын мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырып, оның бәсекеге қабілетті болуына ықпал ететін негізгі күштердің бірі болып табылады. Осыған байланысты мемлекет тарапынан жастарды мемлекеттік қызметке тарту бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылуда.
Бұл ретте, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орнын (GPA 3.33-тен жоғары) нәтижемен үздік аяқтаған түлектерге оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігі берілді. Осы мүмкіндік мен үшін мемлекеттік қызметке жол ашқан маңызды қадам болды.
Аталған мүмкіндікті пайдаланып, мемлекеттік қызметке орналастым. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі үлкен сенім.
Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік пен халыққа адал қызмет етуді талап ететін сала. Университет қабырғасында алған білімімді ел игілігі жолында қолдануға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Мемлекет тарапынан жас мамандарға осындай қолдау көрсетілуі – жастарға берілген зор мотивация. Бұл мүмкіндік бізге тек жұмысқа орналасуға емес, өзімізді дамытуға, қоғамға пайдамызды тигізуге жол ашады. Алдағы уақытта кәсіби біліктілігімді арттырып, халық игілігі үшін адал еңбек етуге бар күшімді саламын.
Үздік түлектердің мемлекеттік қызметке тікелей орналасуы жергілікті басқару сапасын арттыруға, мемлекеттік органдардың тиімділігін күшейтуге және халыққа көрсетілетін қызмет деңгейін жақсартуға ықпал етеді деп сенемін. Сонымен қатар, бұл мүмкіндік жас мамандардың кәсіби қалыптасуына, тәжірибе жинауына және еңбек жолын ерте бастауына жол ашады.
Қорытындылай келе, жоғары оқу орнын аяқтаған түлектерді мемлекеттік қызмет саласындағы енгізіліп жатқан жаңа мүмкіндіктер мен оң өзгерістерді тиімді пайдаланып, ел игілігі жолында мемлекеттік қызметте еңбек етуге шақырамын.
Ханзада Сабировна Шабанова, Сарыағаш ауданы әкімдігінің Құркелес ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-салық инспекторы

