Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жоғары деңгейдегі келіссөздер Қазақстан-Кения қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге, оны жаңа деңгейге шығаруға берік негіз қалағанын айтты, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап.
– Қарым-қатынасымызды дамытудағы күш-жігеріңіз ерекше маңызға ие. Сізді Қазақстанда сенімді дос және халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет қайраткері ретінде таниды. Кенияны экономикалық тұрғыдан өркендетуге, елді жаңғыртуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды реформаларыңыз құрметке лайық, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Кения Президентінің Африкадағы бірлікті сақтауға, әлемдік қоғамдастықпен мазмұнды серіктестікті дамытуға ықпал ететін сындарлы диалогқа бейіл екенін атап өтті.
– Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаныңызды ескере отырып, Сізге І дәрежелі «Достық» орденін тапсыруды зор мәртебе санаймын. Бұл жоғары марапат – Қазақстанның шексіз құрметі мен ризашылығының, сенім мен өзара құрметке негізделген қарым-қатынасты жандандыру ниетінің белгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Уильям Руто осы жоғары марапатты Кения мен Қазақстан арасындағы мызғымас достықтың нышаны ретінде қабыл алатынын жеткізді. Бұл бейбітшілікке, ынтымақтастыққа және түрлі құрлықтағы халықтардың мәдениетін өзара байытуға қатысты ортақ ниетті көрсетеді.
– Орденді таққан кезде бірлік, құрмет пен ынтымақ сияқты құндылықтарға ықыласым арта түскенін сезіндім. Мен аталған жоғары марапатты үйлесімді өркендеу жолында Қазақстан халқымен тізе қосып, әрекет етіп келе жатқан Кения жұртының атынан қабылдаймын. Осы арқылы серіктестігіміз бекіп, екі ел арасындағы достық ұрпақтан ұрпаққа жалғасады деп сенемін, – деді Кения Президенті.

