Алматыда мерзімді қызметін аяқтаған жауынгерлер салтанатты түрде ұлықталды

Алматыда мерзімді қызметін аяқтаған жауынгерлер салтанатты түрде ұлықталды

Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін абыроймен аяқтаған сарбаздарға арналған салтанатты іс-шара өтті.

2026 жылғы 20 мамырда ұйымдастырылған рәсім барысында 4, 5 және 6 жедел мақсаттағы батальондардың 1-25 шақырылымының әскери қызметшілері құрметке бөленді. Бір жыл бойы Отан алдындағы борышын адал атқарған жас сарбаздар әскери тәртіпті сақтап, жауынгерлік дайындықтарын жетілдіріп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне өз үлестерін қосты.

Іс-шараға әскери бөлім басшылығы мен ардагерлер қатысып, жас жауынгерлерге ақ жол тіледі. Әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Ұлықбек Қараев сарбаздардың қызметіне жоғары баға беріп, олардың алдағы өмір жолына сәттілік тіледі.

Салтанатты жиында қызмет барысында ерекше көзге түскен әскери қызметшілер грамоталармен марапатталды. Сонымен қатар бірқатар сарбаздарға жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін арнайы сертификаттар табысталды. Жас жауынгерлерді тәрбиелеп өсірген аналарға да құрмет көрсетіліп, арнайы медальдар мен алғыс хаттар тапсырылды.

Мұндай іс-шаралар әскери қызметтің мәртебесін арттырып, жастардың бойында патриоттық рух пен ел алдындағы жауапкершілік сезімін нығайтуға ықпал етеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ