Шымкентте жекеменшік білім беру ұйымдарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және саладағы цифрлық жүйелерді тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Осы бағыттағы өзекті мәселелер Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Білім салалық кеңесінің кезекті отырысында қаралды.
Жиынға Кәсіпкерлер палатасының басшылығы, прокуратура, қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы басқармаларының мамандары, сондай-ақ «ОҚУ» ұлттық білім платформасының өкілдері қатысты. Әртүрлі мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің бір алаңға жиналуы жекеменшік білім беру саласында қалыптасқан мәселелерді жан-жақты қарауға мүмкіндік берді.
Отырыстың негізгі тақырыптарының бірі – 2026-2027 оқу жылына арналған мектептерді қаржыландыру. Жекеменшік білім беру ұйымдары үшін қаржыландырудың тұрақтылығы олардың қызметін жоспарлау, педагогтер мен басқа да қызметкерлерді жұмыспен қамту және білім беру процесін үздіксіз ұйымдастыру тұрғысынан маңызды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау мен Қаржы басқармалары өкілдерінің мәліметінше, жыл соңына дейін жекеменшік білім беру ұйымдарына қажетті қаржы толық қарастырылған. Ал келесі жылға арналған қаржыландыруды бекіту мәселесін жыл соңына дейін қалалық мәслихат сессиясының қарауына ұсыну жоспарланып отыр.
Кеңесте цифрландыру мәселесіне де назар аударылды. Жекеменшік мектептер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жаңа цифрлық платформаларды енгізу, сондай-ақ BALABAQSHA ақпараттық жүйесінде жұмыс күнін тіркеуге қатысты мәселелер талқыланды.
Сонымен бірге мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру және оқу жылы басталғаннан кейін алты жасқа толатын балалардың балабақшаларда болу тәртібі қарастырылды. Мектептердегі екінші ауысымды ұйымдастыру және білім алушыларды қаржыландыруға қатысты ұсыныстар да ортаға салынды.
Жекеменшік білім беру ұйымдары Шымкенттегі кәсіпкерліктің әлеуметтік маңызы жоғары бағыттарының бірі. Сондықтан олардың қаржылық тұрақтылығы бизнес мүддесімен ғана емес, қаладағы білім беру қызметтерінің қолжетімділігімен де байланысты.
Кәсіпкерлер палатасының алаңындағы мұндай кездесулер білім саласындағы бизнес өкілдеріне өзекті мәселелерін мемлекеттік органдарға тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Қаржыландыру, цифрландыру және ұйымдастырушылық мәселелерді бірлесіп қарастыру жекеменшік білім беру секторын тұрақты дамытуға және кәсіпкерлер үшін түсінікті жұмыс тетіктерін қалыптастыруға жағдай жасайды.

