Оның айтуынша, қабылданған шаралар суармалы судың тұрақты берілуін қамтамасыз етуге және вегетациялық кезеңді тұрақты өткізуге мүмкіндік берді.
«Ағымдағы жылы орташа 1,2 млн га жерді суару үшін шамамен 11 млрд текше метр су алу жоспарланды. Су шаруашылығы ұйымдары шаруалармен шамамен 42 мыңға жуық шарт жасасты. Аталған шарттарда 1 млн гектардан астам жуық жерді суару үшін 11,4 млрд текше метр ағын су алу көзделген. Жедел ақпаратқа сәйкес, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша шамамен 1,1 млн га-дан астам егіс алқабын суармалы сумен қамтамасыз етуге нақты 11,1 млрд текше метрден астам су пайдаланылды», – деді спикер.
Вегетациялық кезеңнің соңында еліміздің ірі су қоймаларында 57,9 млрд текше метр су жинақталды, бұл олардың жобалық көлемінің 67%-ын құрайды. Қолда бар су қоры гидрологиялық тұрақтылықты сақтауға және экологиялық әрі табиғат қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстарын жалғастыруға жеткілікті.
Қазір Арал-Сырдария бассейні бойынша ірі су қоймаларының толуы 13% немесе 1,1 млрд текше метрді құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 801 млн текше метрден артық. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша Шардара су қоймасына 2,8 млрд текше метр көлемінде су келімі келісілді. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша нақты келіп түскен су 3,3 млрд текше метрді құрап, бекітілген кестеден асып түсті. Бұл Түркістан және Қызылорда облыстарын сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Қызылорда облысында 122 мың га суармалы жерге 3,3 млрд текше метр су берілді.
Түркістан облысында 412 мың га суармалы жерге 3,9 млрд текше метр су берілді. Сонымен қатар, вегетациялық кезеңде Солтүстік Арал теңізінің деңгейін ұстап тұру үшін 842 млн текше метр су жіберілді. Вегетация аяқталғаннан кейін су жіберу көлемі ұлғайтылып, бүгінгі күні орташа су шығыны 170 м³/с-қа дейін жетті. Ағымдағы жылдың соңына дейін қосымша 1 млрд текше метр су жіберу жоспарлануда.
Балқаш-Алакөл бассейні бойынша су қоймаларының толуы 78% немесе 15,1 млрд текше метрді құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 658 млн текше метрге артық. Алматы облысында 124 мың га суармалы жерге 1,5 млрд текше метр су, Жетісу облысында 146 мың гектарға 1,2 млрд текше метр су берілді. Шу-Талас бассейні бойынша су қоймаларының толуы 46% немесе 544 млн текше метрді құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 414 млн текше метрге артық.
Жамбыл облысында 72 мың гектар суармалы жерге 715 млн текше метр су берілді. Қалған бес бассейн бойынша су қоймаларының толуы 72% немесе 41,2 млрд текше метрді құрайды. 169 мың гектар суармалы жерге 414 млн текше метр су берілді.

