«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы өңір басшылығымен инвестициялық жобаларды қолдау мәселелерін талқылап, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысты.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды.

Өңір әкімі Нұралхан Көшеровпен кездесуде инвестициялық бастамаларды қолдау, өңдеу секторын кеңейту, жергілікті бизнестің жаңа өндірістерге қатысуы, сондай-ақ инфрақұрылым, жер, қаржы және әкімшілік мәселелерді шешу жолдары талқыланды.
2026 жылдың сегіз айында Түркістан облысына салынған негізгі капиталға инвестиция көлемі 1 трлн 135,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,4%-ға өскен.

Қазіргі таңда өңірде жалпы құны 2,8 трлн теңге болатын 122 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Бұл жобалар іске асқан жағдайда 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. 2026 жылы жалпы құны, шамамен, 370 млрд теңге болатын 67 өндірісті іске қосып, 6 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
«Бұл көрсеткіштер инвесторлардың өңірге деген сенімінің артып отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар әрбір жобаны инвестициялық шешім қабылданған сәттен бастап өндіріс іске қосылып, жобалық қуатына шыққанға дейін тиімді сүйемелдеу міндетін күшейтеді», – деді Қанат Шарлапаев.

Бірлескен жұмыстың басым бағыттары ретінде Turkistan Invest фронт-офисімен өзара іс-қимылды күшейту, жергілікті өндірістік тізбектерді қалыптастыру және кәсіпкерлік бастамалардың іске асуына әсер ететін мәселелерді жедел шешу белгіленді.
«Атамекен» ҰКП-ның бизнестің проблемалық мәселелері тізіліміне Түркістан облысынан 21 мәселе енгізілген. Оның алтауы республикалық, 15-і өңірлік деңгейде қаралуда.

Кездесуде «Іскер аймақ» мемлекеттік бағдарламасына да ерекше назар аударылды. Халықтың едәуір бөлігі ауылдық жерлерде тұратын Түркістан облысы үшін бұл бағдарлама шағын өндірістерді іске қосуға, өнімді қайта өңдеу деңгейін арттыруға және әр ауданның мамандануына сай жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін тиімді құрал бола алады.
Қанат Шарлапаевтың айтуынша, өңірдің аграрлық әлеуетін ауыл шаруашылығы шикізатын өндіруден бастап, оны қайта өңдеу, буып-түю, сақтау және экспортқа шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек арқылы дамыту қажет.

Сондай-ақ кәсіпкерлерге Business Go цифрлық экожүйесінің, серіктестерді, жеткізушілерді және өткізу нарықтарын іздеуге мүмкіндік беретін Atameken Business Connect B2B платформасының, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың тауарларын ілгерілетуге арналған Sheber платформасының мүмкіндіктері таныстырылды.
Жұмыс сапары аясында Қанат Шарлапаев ATAMEKEN FAIR / TURKISTAN BRAND – 2026 отандық тауар өндірушілер көрмесі аясында өткен өңірлік «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысты.

Биыл «Қазақстанның үздік тауары» байқауының ұйымдастырылып келе жатқанына 20 жыл толып отыр. Екі онжылдық ішінде байқау отандық брендтерді ілгерілетуге, тәжірибе алмасуға және тікелей іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін алаңға айналды.
Биылғы көрмеге 200-ден астам тауар өндіруші қатысты. Олардың қатарында агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындары, қолөнершілер, стартаптар және «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушылары бар.

«Кәсіпкерлік – тек пайда табудың жолы емес. Бұл – елге қызмет ету, сапалы өнім өндіру, туған жердің әлеуетін арттыру және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну», – деді Қанат Шарлапаев.
Бүгінде Түркістан облысында 200 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 873,3 млрд теңгеге жетіп, 32,4%-ға өскен. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 50,8%-ды құрады. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10,7%-ға артып, 320,2 млрд теңгеге жетті.
Биыл облыстағы 16 елді мекеннен «Бір ауыл – бір өнім» жобасына 60 өтінім келіп түскен. Жергілікті өнімдер қазірдің өзінде сауда желілерінде ұсынылып, TURKESTAN BRAND өңірлік брендімен біріктірілуде.

«Іскер аймақ» бағдарламасы аясында Түркістан облысында жалпы құны 900 млн теңгеден асатын 16 кәсіпкерлік бастамаға қолдау көрсетілді.
«Көрмеге ұсынылған әрбір өнімді жай ғана тауар ретінде емес, кәсіпкердің еңбегі мен ізденісінің нәтижесі, өңірдің мүмкіндігін танытатын отандық бренд ретінде қарастырған жөн», – деді Қанат Шарлапаев.

Өңірлік байқау қорытындысы бойынша «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» және «Өндіріске арналған үздік тауарлар» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды.
Олар Түркістан облысының атынан «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының келесі кезеңіне қатысады.

