Шымкентте «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық экологиялық бастамасы аясында Дүниежүзілік тазалық күніне орайластырылған World Cleanup Day халықаралық акциясы өтті.
Жалпы қалалық сенбілікке 43 мыңнан астам тұрғын қатысып, жастар, еріктілер, коммуналдық сала қызметкерлері және қала тұрғындары белсенді атсалысты. 200-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.
Акцияның негізгі алаңдарының бірі А.Аскаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы болды. Мұнда тазалау жұмысына қала әкімі, 3000-нан астам жас пен еріктілер, сондай-ақ, коммуналдық сала қызметкерлері қатысты.
Табиғи ортаны сақтау және қоршаған ортаны байытуға да ерекше көңіл бөлінді. Қала әкімі акцияға қатысушылармен бірге дендрологиялық саябаққа 10 тиін мен 25 қырғауылды жіберіп, су айдынына 150 келі балық жіберілді.
Акцияға қатысушылар аумақты санитарлық тазалаудан өткізіп, тұрмыстық қалдықты жинады, ағаштарды санитарлық тұрғыда бұтап, басқа да абаттандыру жұмысын атқарды.
Жалпы, бұл күні қала бойынша 270 тоннадан астам тұрмыстық және басқа да қалдық шығарылды. Сонымен қатар ирригациялық арықтар тазаланып, көшелер жуылды.
World Cleanup Day қоршаған ортаның тазалығын сақтау және табиғат пен қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарауды қалыптастыру мақсатында әлемнің әр түкпіріндегі адамдарды ортақ іске біріктіреді. Шымкентте бұл экологиялық акция «Таза Қазақстан» бастамасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың жалғасы болды.
Айта кетейік, қалада экологиялық және абаттандыру жұмысы тұрақты жүргізіледі. Қоғамдық кеңістіктердің тазалығын сақтау, табиғи ресурстарды қорғау және тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауына ерекше мән берілуде.
#WorldCleanupDay, #ТазаҚазақстан, #Өзіңненбаста, #Начниссебя

