Кездесуде су үнемдеу мәдениетінің идеологиясын қалыптастыруға бағытталған бірлескен тұжырымдама әзірлеу мәселесіне ерекше назар аударылды. «Су және білім» жобасы өз тиімділігін көрсеткендіктен, бұл жұмысты жалғастырып, ауқымын кеңейту және алдағы екі жылға арналған ұзақ мерзімді форматта жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.
Осы мақсатта ЮНИСЕФ өз еріктілер қозғалысы мен жоғары оқу орындары жанындағы хабтарды жобаға тартуды ұсынады. Жұмыс барысында жасөспірімдер мен жастар су ресурстарын үнемдеу тақырыбын оқып қана қоймай, практикалық бастамаларға да қатысады. Атап айтқанда, су саласындағы стартаптар жасап, су үнемдеуге бағытталған шешімдер әзірлейді.
«Біздің міндетіміз – жинақталған тәжірибені жүйелі әрі ұзақ мерзімді жұмысқа айналдыру. Су саласының өңірлік құрылымын ЮНИСЕФ-тің еріктілер желісімен біріктіре отырып, су үнемдеуге бағытталған ұлттық қозғалыс қалыптастыра аламыз. Бұл қозғалыстың негізгі қозғаушы күші жасөспірімдер мен жастар болады», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.

