Алматы қаласында тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға және мәдени-ағартушылық ортаны дамытуға бағытталған тағы бір маңызды жоба жүзеге асты. Жетісу ауданына қарасты Құлагер шағынауданында жаңа қалалық кітапхана оқырмандарға есігін ашты.
Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» бастамасы аясында іске қосылған мәдени нысан бір мезетте 100 адамға қызмет көрсетуге арналған. Жалпы аумағы 551 шаршы метрді құрайтын кітапхана заманауи талаптарға сай жабдықталып, келушілердің білім алуына, шығармашылықпен айналысуына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Мұнда жайлы оқу залдары, компьютерлік аймақ, коворкинг орталығы және балаларға арналған арнайы кеңістік қарастырылған. Сонымен қатар түрлі танымдық кездесулер, білім беру бағдарламалары мен шығармашылық іс-шаралар ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасалған.
Бүгінде кітапхананың кітап қоры 14 мыңнан астам дананы құрайды. Оқырмандар әдеби шығармалармен танысып, өздерін қызықтыратын бағыттар бойынша білімін толықтыра алады. Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қолжетімділігі де назардан тыс қалмаған. Атап айтқанда, көру қабілеті бұзылған келушілер үшін арнайы жабдықтар орнатылған.
Жаңа мәдени кеңістік аудан тұрғындарының басын қосып, балалар мен жастардың кітапқа қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етпек. Мұндай нысандардың ашылуы Алматыда оқу мәдениетін кеңінен насихаттап, зияткерлік ортаны нығайтуға жол ашады.
Кітапхана Құлагер шағынауданы, Омаров көшесі, 75А мекенжайында орналасқан. Келушілерді күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін қабылдайды.


