Алматыда ұстаздардың еңбегі ұлықталып, үздік педагогтер марапатталды

Алматыда ұстаздардың еңбегі ұлықталып, үздік педагогтер марапатталды

Алматы қаласында Мұғалім күніне орай білім саласы қызметкерлерінің еңбегін дәріптеуге арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиында қала әкімі Дархан Сатыбалды ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, білім беру жүйесінің дамуына қосқан үлестері үшін мемлекеттік наградалар табыстады.
Бүгінде мегаполистің білім беру ұйымдарында 42 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Олардың кәсіби жетістіктері мен көпжылдық қызметі қоғам тарапынан жоғары бағалануда.
Салтанатты рәсім барысында төрт мұғалім «Құрмет» орденімен, бір педагог «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар бес ұстаз Алматы қаласы әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Мерекелік шарада жас мамандар арасында ұйымдастырылған «Алматы ұстазы – 2026» қалалық байқауының қорытындысы жарияланды. Финалға жолдама алған жеті педагог Қытайда халықаралық тағылымдамадан өту мүмкіндігін иеленді.
Байқаудың Бас жүлдесі №92 мамандандырылған лицейдің химия пәні мұғалімі Мықтыбек Тәңірберген Бақытжанұлына бұйырды. Жеңімпазға 5 млн теңгенің сертификаты табысталып, халықаралық тағылымдамаға қатысуға мүмкіндік берілді.
Қазіргі таңда Алматыда «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алған 16 педагог қызмет атқарады.
Мұндай марапаттау рәсімдері мұғалім мамандығының қоғамдағы беделін арттырып, жас педагогтердің кәсіби дамуына ынталандырады. Ұстаздарға көрсетілген құрмет олардың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды рөлін айқындай түседі.
Алматыда білім саласы мамандарының жетістіктерін насихаттау және педагогтердің кәсіби әлеуетін қолдау қаланың зияткерлік дамуына ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астана қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде «Су ізі: әр адамның жауапты таңдауы» тақырыбында экологиялық сағат өтті. Іс-шараға...

Астана, 2026 жылғы 9 қараша - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдар басшылары үшін Қазақстан...