Алматы қаласында балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға және жаттығу үдерісін заманауи технологиялар арқылы жетілдіруге бағытталған жаңа бастама қолға алынды. №2 Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Jump цифрлық платформасы пилоттық режимде енгізіле бастады.
Жаңа жүйе спортшылардың жаттығуға қатысуын электрондық форматта тіркеуге мүмкіндік береді. Жаттықтырушылар тәрбиеленушілердің сабаққа келгенін динамикалық QR-код арқылы белгілей алады. Ал жеке телефоны жоқ балалардың қатысуы арнайы мобильді қосымшада тіркеледі.
Платформаның маңызды артықшылықтарының бірі – ата-аналарға арналған бақылау мүмкіндігі. Олар баласының жаттығуға қатысқанын цифрлық жүйе арқылы тексере алады.
Jump платформасында жаттығу кестесі, спорттық топтардың тізімі және қатысуды есепке алудың электрондық табелі жүргізіледі. Сонымен қатар жүйе сабақтың өтетін уақыты мен орнын, спортшының тиісті топқа тіркелуін ескереді.
Цифрлық шешім жаттықтырушылардың күнделікті жұмысын жеңілдетіп, қағаз құжат айналымын азайтуға және спорт мектептеріндегі есеп жүргізудің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, Jump платформасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында тегін әзірленуде.
Қазіргі уақытта жүйенің тиімділігі пилоттық жоба шеңберінде бағаланбақ. Сынақ нәтижелері оң болған жағдайда оны Алматыдағы басқа спорт мектептеріне енгізу мүмкіндігі қарастырылады.
Мұндай технологиялық бастамалар балалар спортының инфрақұрылымын жаңғыртып, жаттығу үдерісін ұйымдастыру сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар цифрлық бақылау ата-аналар мен спорт ұйымдары арасындағы байланысты нығайтып, жас спортшылардың жүйелі дайындалуына қолайлы жағдай қалыптастырады.
Алматыдағы спорт мектебінде жаттығуларды бақылаудың цифрлық жүйесі енгізілуде


