Алматы қаласында жастардың білімін жетілдіруге, шығармашылық қабілетін дамытуға және заманауи технологияларды меңгеруіне арналған түрлі тегін мүмкіндіктер ұсынылуда. Мегаполистегі білім беру және қоғамдық алаңдар жас буынның кәсіби дамуына қолайлы жағдай қалыптастырып келеді.
Цифрлық технологияларға қызығушылық танытқан жастар Skill All платформасы арқылы IT, SMM, дизайн және ағылшын тілі бағыттарында білім ала алады. Ал Alatau Creative Hub пен AQYLTECH жасанды интеллект, бағдарламалау және 3D-модельдеу саласындағы дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.
Халықаралық тәжірибе жинауға ниетті жастар үшін AIESEC Kazakhstan жобалары пайдалы алаң саналады. Qazaq Toastmasters ұйымында көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, көшбасшылық қабілеттерді дамытуға болады.
Шығармашылық бағытты таңдаған жастар Алматы Жазушылар одағының әдеби ортасына қосылып, өз талантын шыңдай алады. American Space Almaty ағылшын тілін жетілдіруге, танымдық кездесулер мен тәжірибелік сабақтарға қатысуға жағдай жасайды.
Салауатты өмір салтын ұстанушылар Community Almaty Run бастамасы аясында тегін жаттығуларға қатыса алады. Сонымен қатар қалалық комьюнити орталықтар жастардың жаңа дағдылар игеруіне және пікірлес адамдармен танысуына мүмкіндік береді.
Мұндай бастамалар Алматыдағы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың білімге, спортқа және шығармашылыққа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Ең бастысы, аталған мүмкіндіктер жастардың қаржылық шығынсыз дамуына жол ашады. Білім мен тәжірибеге қолжетімділіктің артуы Алматының белсенді, білімді және шығармашыл жастар қаласы ретіндегі әлеуетін нығайта түседі.
Алматыда жастардың тегін білім алып, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік мол


