Бұл туралы ONAY көлік холдингінің директоры Садир Хамраев айтты.
Күн сайын қалада 1,4 млн жолаушы қоғамдық көлікті пайдаланады. Алматыда жол жүру құны қолма-қол ақшамен төлеген кезде 150 теңге, ал ОҢАЙ картасымен төлесеңіз, 80 теңге. Бұл баға 2012 жылдан бері өзгерген жоқ.
«Инфляцияға, ЖЖМ бағасының өсуіне байланысты қала бойынша есептік тариф 80 теңгеден жоғары болу керек, алайда әзірге мемлекеттен субсидиялар есебінен бағаны өзгертпей ұстап тұруға болады. 11 жыл өтсе де тариф бұрынғы, көптеген аймақта жолақы қымбаттады. Қазіргі таңда қала бойынша есеп айырысу тарифі 425 теңгеге жетеді, бірақ олай белгілеу мүмкін емес, себебі тым қымбат», - деді ол.
Оның пікірінше, баға мен сапа арасындағы тепе-теңдік болуы керек. Жолақы бағасы қолжетімді болса, халық та қоғамдық көлікпен көп жүреді.
Алматыға күн сайын 2,5 мың автобус жолға шығады. Оның айтуынша, 2024 жылға қарай қалада 3,5 мың автобус болады. Сондықтан, қазір ONAY көлік қаңқасын қалыптастырып, оңтайлы бағыт жасауға кіріскен.