Түркістан облысы әкімі аппаратының кезекті апталық отырысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы міндеттерді орындау бағытында іс-шара жоспары әзірленетінін жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Парламент сессиясының ашылуында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдауда Президентіміз жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Айтылған ауқымды мәселелердің барлығы еліміздің экономикалық өсімі мен тұрмыстық әл-ауқатының жақсаруына бағытталған. Қазіргі уақытта Үкімет тарапынан жалпыұлттық іс-шара жоспары әзірленуде. Соны басшылыққа ала отырып, Түркістан облысында іске асыру бойынша іс-шара жоспарын әзірлеу қажет, – деді облыс әкімі.
Мәжілістегі күн тәртібінде бірнеше мәселе талқыланды. Ауылдарды, қалаларды көгалдандыру, санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру жұмыстарына жасалған мониторинг жұмыстарының нәтижесі тыңдалды. Түркістан облысы әкімі аппаратының Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Мадияр Алиповтың айтуынша, мониторинг барысында кемшіліктер анықталған.
Айта өтсек, жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.
Азаматтарға қолайлы орта құру шеңберінде тұрғындардың талап-тілегі міндетті түрде ескеріледі.
Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдағы ашықтық пен жариялылықты жетілдіре түсетін тағы бір реформасы – «Халық қатысатын бюджет» жобасының маңызы орасан.
Биылғы алғашқы жартыжылдықта халық қатысатын ашық бюджет жобасы аясында шағын аудандар мен тұрғын алаптарда 66 көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылды. Белгіленген жұмыстарды іске асыру барысында тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңшаларының жобалары, жасыл желекті күтіп-ұстау мәселелері келісілді.
Осы жоба аясында:
1) аумақты көгалдандыру;
2) тротуарларды жайластыру;
3) тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу;
4)ортақ пайдаланылатын орындарды (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары, көшелер және өзге де объектілер) құру, жөндеу және жарықтандыру;
5) бордюрлерді, төсеніштерді, тіреу қабырғаларын жөндеу;
6) полигондарды жою;
7) жалпы пайдаланымдағы орындарда балалар ойындары мен ересек тұрғындардың демалуы үшін беседка, орындық, урна, жабдықтар мен конструкцияларды орнату және жөндеу;
8) аула аумақтарында және жалпы пайдаланылатын жерлерде спорттық (тренажер алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру;
9) санитарияны қамтамасыз ету сынды жұмыстар жүргіліп тұрады.
Тұрғындардың талап-тілегі көшелерге бейнебақылау камераларын орнату ісінде де ескеріледі.
Жалпы қала аумағында 875 көше 845 шақырым жол, 18 гектарды құрайтын бір қоқыс полигоны бар.
Оның ішінде 787 көшеге санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіледі. Қалған көшелер қаланың ең шеткі аумақтарында орналасқан. Үйлер толық салынбаған.
787 көшенің 136 көшесіне механикалық жолмен тазалық жасалса, 651 көшесіне қолмен тазалау жүргізіледі. 39 көше орталық маңызы бар көше болып саналады.
Бүгінде шаһардағы санитарлық тазалық жұмыстарын «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС мен «ШымкентСпецкомплекс» ЖШС-тері атқаруда. Сонымен қатар, әр сектор тұрғындары жеке кәсіпкерлермен бірге келісім шарт жасасуда.
Одан бөлек, секторлар тарапынан санитарлық тазалық бойынша "Белгіленбеген аумаққа қоқыс төгу", "Бекітілген кестеден бұрын үйден қоқыс шығармау" жөнінде тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 434-2-бабына сәйкес, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау – 5 АЕК мөлшерінде айыппұл белгіленгені тұрғындарға түсіндірілуде.
Сондай-ақ, Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осы әрекеттер қай жасалған жағдайда айыппұл мөлшері 10 АЕК-ке ұлғаятыны ескертілуде.
Жыл басынан бері әр секторда күнделікті тазалық сақтау жұмыстары тексерілді. Көрсеткіштер бойынша, Отырар секторында – 14 адамға, Сауран секторында – 21 азаматқа, Бірлік тұрғын алабында – 15 азаматқа айыппұл салынған. Ал, қалған Шауғар секторында – 156 дерек анықталса, Бекзат тұрғын алабында – 99 азаматқа, Яссы секторында – 52 тұрғынға хаттама толтырылып, айыппұл жазылған.
– Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан, қалалардағы елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына бас инспекторлар тарапынан тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Нәтижесінде кейбір жұмыстардың сапасыз және толыққанды атқарылмай отырғандығы байқалады, – деген ол анықталған кемшіліктерді баяндады.
Атап айтқанда, Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен барлық аудандарда олқылықтар тіркеліп, тиісті ұсыныстар берілген. Бірінде көгалдандыру жүйелері істен шықса, аулада қураған ағаштар мен қоқыс шашылып жатыр. Балалар ойын алаңшалары мен орындықтар тозған. Кейбір көшеде жарықшамдар толық орнатылмаған. Күл-қоқыстан тазартылмаған көшелер де бар. Өңір басшысы тазалық жұмыстарына әкімдермен бірге тұрғындар да жауапкершілікпен қарауы керек екенін айтты.
Кемшіліктер анықталған ауыл округтерінің әкімдеріне ескерту берілді. Қателік жойылмаса, одан да қатаң шаралар қабылданады.
Жиында «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы және жылыжайларды көмірмен қамту мәселесі де қаралды. Бүгінде Түркістан облысында «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 19,8 млрд теңге құрайтын 3 220 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 2281 жоба қаралып, жалпы соммасы 10,8 млрд. теңгені құрайтын 1890 жоба мақұлданды. 6,2 млрд. теңгені құрайтын 1128 жоба қаржыландырылып, тұрғындарға жеңілдетілген несиелер берілген.
Облыс әкімі аталған жоба бойынша қаржыландыру жұмыстарын ширату, жылыжайлар мен білім, денсаулық сақтау ұйымдарына қажетті көмірді толық жеткізу жөнінде тапсырма берді. Мәселелер бақылауға алынған.
ТҮРКІСТАН: АУЫЛЫН АБАТТАНДЫРМАҒАН ӘКІМДЕРГЕ ЕСКЕРТУ БЕРІЛДІ
