Алматы қаласында 2026 жылы электр энергетикасы инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасады. Негізгі мақсат — тозған желілерді кезең-кезеңімен ауыстырып, қала тұрғындары мен бизнес үшін электрмен жабдықтау сапасын арттыру.
Қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, биыл 10/6/0,4 кВ кернеулі жалпы ұзындығы 269,79 шақырым электр желісі қайта жаңғыртылады. Оның ішінде 210 шақырымы кабель желілеріне тиесілі. Жұмыстар негізінен Алмалы, Бостандық, Наурызбай, Алатау, Жетісу және Түрксіб аудандарында жүргізіледі.
Сонымен қатар үш тарату пункті мен 22 трансформаторлық қосалқы станция қайта жаңартылады. «Есентай», «Шоссейная» және «Жас Қанат» қосалқы станцияларында да жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Бұдан бөлек, Жетісу және Түрксіб аудандарында ұзындығы 30 шақырымнан асатын жоғары кернеулі желілердегі ескі сымдар заманауи композиттік сымдарға ауыстырылады.
2025 жылы қалада 238 шақырым электр желісі жаңартылып, соның нәтижесінде апаттық өшірулер саны 12%-ға төмендеген. Қазіргі таңда Алматыдағы желілердің тозу деңгейі 63,3%-ды құрайды.
Жалпы, энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

