Шымкентте жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқытуға бағытталған бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Биыл мегаполисте 610 жұмыссыз тұрғынды кәсіптік оқумен қамту жоспарланған. Бұл бастама еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды игеруге мүмкіндік беріп, азаматтардың тұрақты табыс табуына жол ашуда.
Жоспарға сәйкес, 450 адам білім беру ұйымдарында оқытылса, тағы 160 тұрғын жұмыс орындарында тәжірибе арқылы мамандық меңгереді. Қазіргі таңда бағдарлама аясында 420 азамат кәсіптік оқуға жолданып, жаңа кәсіп игеруге кіріскен. Бұл көрсеткіш қалада жұмыспен қамту саясатының нақты нәтижесін көрсетеді.
Соның бірі – «Сәнді-Өмір» оқу орталығы. Мұнда бүгінде 20 жұмыссыз азамат білім алып жатыр. Олардың қатарында 5 адам визажист мамандығын таңдаса, 10 тұрғын шаштараз-стилист бағыты бойынша білім алуда. Сонымен қатар, тағы 5 азамат тігіншілік саласын меңгеріп жатыр. Оқу бағдарламасы теориялық және практикалық кезеңдерден тұрады. Алдымен қатысушылар кәсіби негіздерді үйренсе, кейін тәжірибелік сабақтар арқылы өз біліктілігін арттырады.
Мамандардың айтуынша, жұмыс берушілер базасында ұйымдастырылатын оқыту толығымен тәжірибеге бағытталған. Бұл азаматтардың оқу аяқталғаннан кейін еңбек нарығына тез бейімделуіне мүмкіндік береді. Әсіресе қызмет көрсету саласында тәжірибелік машықтың маңызы жоғары.
Мемлекет тарапынан бағдарлама қатысушыларына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Білім беру ұйымдарында кәсіптік білім алып жатқан азаматтарға ай сайын 43 574 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Ал жұмыс орындарында тәжірибе арқылы оқып жүрген тұрғындарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86 500 теңге жалақы қарастырылған.
Бұдан бөлек, кәсіптік оқуға қатысушыларға қосымша әлеуметтік қолдау да бар. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарында оқып жатқан азаматтарға 075 медициналық анықтамасын рәсімдеу шығындарын өтеу үшін бір реттік 8 650 теңге көлемінде көмек беріледі. Бұл шаралар тұрғындардың оқу процесіне кедергісіз қатысуына жағдай жасап отыр.
Қалада жұмыссыз азаматтарды кәсіптік біліммен қамту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Қазіргі таңда жұмыс берушілерден өтініш қабылдау процесі жүргізіліп жатыр. Жиналған өтініштер өңірлік комиссияның қарауына ұсынылады. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда азаматтар кәсіптік оқуға жолданады.
Мамандардың пікірінше, мұндай бағдарламалар еңбек нарығындағы сұранысқа ие кадрларды даярлап қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, шағын кәсіпті дамытуға және экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Шымкентте жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар халықты жұмыспен қамту саясатының тиімділігін көрсетіп отыр.

