ҚР АШМ: астық қабылдау кәсіпорындары 4,3 млн тонна астық қабылдады

ҚР АШМ: астық қабылдау кәсіпорындары 4,3 млн тонна астық қабылдады
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 24,2 млн гектар алқапқа егілді. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,6 млн гектарды қамтиды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Дәнді дақылдар 10,9 млн гектар алқаптан жиналды. Бұл – егін жинау жоспарланған алқаптың 70%-ы. Орташа түсім гектарына 14,1 центнер болып, жалпы 15,5 млн тонна астық бастырылды.

Майлы дақылдарды жинау жұмыстары да жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 1,3 млн гектар алқап жиналып, гектарынан орта есеппен 9,7 центнерден 1,3 млн тонна майлы тұқым алынды.

Сонымен қатар 2,6 млн тонна көкөніс, 1,9 млн тонна бақша дақылдары және 1,8 млн тонна картоп жиналды. Бұл ішкі азық-түлік нарығы қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті.

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген кредиттеу аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 664,4 млрд теңге көлемінде өтінімдері қаржыландырылды.

Саланы техникалық жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жеңілдікті лизинг бағдарламасы бойынша жалпы құны 288,1 млрд теңге болатын 8,6 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге 7,5 мыңнан астам келісімшарт жасалды.

Жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қолданыстағы лизинг бағдарламалары шеңберінде жалпы құны 353,9 млрд теңгелік 10 774 бірлік техника жеткізуге келісімшарттар жасалды.

Егін жинау науқанына 130 мыңнан астам трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және басқа да 130 мың бірлік техника жұмылдырылды. Оның ішінде жеңілдікті лизинг бағдарламалары арқылы сатып алынған 12,7 мыңнан астам трактор мен өнімділігі жоғары 2 340 комбайн алқаптарда жұмыс істеп жатыр.

Өңірлерге белгіленген баға бойынша 401 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді.

Егін жинау жұмыстарымен қатар келесі ауыл шаруашылығы маусымына қажетті ресурстар да әзірленуде.

2026 жылы 2027 жылғы егіс науқанын алдын ала қаржыландыру тетігі жалғасады. Осыған байланысты әкімдіктерге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржы институттары алдындағы міндеттемелерін уақтылы орындауын қамтамасыз ету тапсырылды.

Тұқым қорын қалыптастыру жұмыстары да жалғасып, қазірдің өзінде 1,4 млн тонна тұқым дайындалды. Бұл қажетті көлемнің 61 пайызына тең. Бұдан бөлек, 2 млн тонна минералды тыңайтқыш жеткізілді.

Еліміздегі астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30,5 млн тонна, оның 13,1 млн тоннасы лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына, 17,4 млн тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қоймаларына тиесілі.

Қолда бар қоймалардың сыйымдылығы жаңа өнімді, өткен жылдан қалған астық көлемін қоса есептегенде, толық орналастыруға жеткілікті. Qoldau цифрлық порталының мәліметінше, лицензияланған астық қоймаларының қазіргі жүктемесі 30 пайызды немесе 4 млн тоннаны құрайды.

Жаңа өнімді қабылдау басталғалы бері лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары 4,3 млн тонна астық қабылдады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен екі есе жоғары. Қабылданған жұмсақ бидайдың 61%-ы – үшінші сыныпты, 34%-ы – төртінші сыныпты, ал 5%-ы – бесінші сыныпты және сыныпқа жатпайтын астық.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Женевада БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінің 101-сессиясында Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясының ережелерін...