Биыл көрнекті мемлекет және құқық қайраткері, Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, Қазақстан Республикасының 1997–2000 жылдардағы Бас Прокуроры, әділет генерал-лейтенанты Юрий Александрович Хитриннің туғанына 80 жыл толып отыр.
Юрий Александрович Хитрин 1946 жылғы 24 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. 1970 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдап, прокуратура органдарындағы қызметін аудандық прокуратураның тергеушісі ретінде бастады. Кейін аса маңызды істер жөніндегі тергеуші, Алматы қаласы прокуратурасының тергеу бөлімінің бастығы, Қазақ КСР прокуратурасы тергеу басқармасы бастығының орынбасары, Целиноград облысының прокуроры, КСРО прокуратурасының бөлім бастығы, Қазақ КСР прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
1992 жылы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары – Әскери прокурор, кейін Бас әскери прокурор болып тағайындалды. Оның басшылығымен тәуелсіз Қазақстанның әскери прокуратурасы қалыптасып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің тиімді жүйесі құрылды. 1997 жылғы қарашада Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры болып тағайындалып, бұл қызметті 2000 жылға дейін атқарды. Оның басшылығы кезеңінде прокуратура органдарының беделі артып, заң үстемдігін қамтамасыз ету мен азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілді.
2000 жылғы 21 желтоқсанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалып, еліміздегі конституциялық заңдылықты нығайтуға және құқықтық мемлекетті дамытуға елеулі үлес қосты.
Юрий Александровичтің мемлекет алдындағы еңбегі жоғары бағаланды. Ол «Парасат» орденімен, «Қазақстан прокуратурасының құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды, 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, әділет генерал-лейтенанты жоғары арнаулы атақтарына ие болды.
Сонымен қатар 1987–1993 жылдары БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің, Жоғары Сот Кеңесінің және Жоғары тәртіптік кеңестің мүшесі ретінде мемлекеттік-құқықтық саясатты қалыптастыруға белсенді атсалысты.
Юрий Александрович Хитрин 2004 жылғы 18 қазанда 58 жасында дүниеден өтті. Оның жарқын есімі – прокуратура органдарының даңқты тарихының ажырамас бөлігі, ал оның өмір жолы Отанға қалтқысыз қызмет етудің өнегелі мектебі.
Юрий Александрович Хитриннің туғанына 80 жыл

