Шымкентте өндірілген қазақстандық дәрі алғаш рет Еуропалық одақ нарығына шықты

Шымкентте өндірілген қазақстандық дәрі алғаш рет Еуропалық одақ нарығына шықты

Шымкенттің фармацевтика өнеркәсібі үшін жаңа экспорттық кезең басталды. Қазақстанда өндірілген дәрілік препарат алғаш рет Еуропалық одақ нарығына жөнелтілді. Болгарияға жіберілген алғашқы партияны халықаралық Polpharma Group құрамындағы, SANTO сауда белгісімен өнім шығаратын «Химфарм» АҚ өндірді.

Шымкенттен Болгария Республикасына SIGLETIC 100 мг №28 препаратының 7 841 қаптамасы жөнелтілді. Құрамында ситаглиптин бар дәрілік зат екінші типті қант диабеті бар ересек науқастардың қанындағы глюкоза деңгейін бақылауда қолданылады. Алғашқы партияның дәл Шымкенттен жөнелтілуі қаланың отандық фармацевтика өндірісіндегі маңызды орнын айқындай түседі.

Бұл экспорттың маңызы өнім көлемімен ғана өлшенбейді. Еуропалық нарыққа шығу үшін фармацевтикалық өндіріс қатаң сапа және қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуы қажет. Осы мақсатта кәсіпорын өндірістік қуаттарын жаңартып, халықаралық стандарттарды енгізді. 2025 жылы еуропалық реттеуші органдар жүргізген инспекция қорытындысында «Химфарм» Еуропалық одақтың GMP талаптарына сәйкестік сертификатын алды. Бұл кәсіпорындағы өндірістік процестердің еуропалық талаптарға сәйкес екенін растады.

Кәсіпорын бүгінде Шымкенттің ірі өндіріс орындарының бірі саналады. Оның тарихы 1882 жылдан басталады, ал 2011 жылдан бері Polpharma Group құрамында жұмыс істейді. Қазіргі таңда кәсіпорында 967 адам еңбек етеді. Қолданыстағы өндіріс орнына салынған инвестиция көлемі 130 млн АҚШ долларын құрайды.

Зауыттың өндірістік қуаты жылына 1 млрд данаға дейін қатты дәрілік қалыптағы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мұнда таблеткалармен қатар инъекциялық және инфузиялық ерітінділер, ұнтақ түріндегі антибиотиктер мен сұйық дәрілік заттар өндіріледі. Өнім түрлерінің кең болуы кәсіпорынның фармацевтика нарығындағы өндірістік әлеуетін көрсетеді.

Компания өндірісті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. 17 гектар аумақта құны 39,5 млрд теңге болатын жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. 2026-2036 жылдарға жоспарланған жоба аяқталғаннан кейін таблетка өндірісін жылына 2 млрд данаға дейін жеткізу және 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Өндірістің кеңеюі Шымкент үшін тек қосымша өнім көлемі мен жұмыс орындарын ғана емес, фармацевтика саласына қажетті білікті кадрларға, технологияларға және өндірістік кооперацияға деген сұраныстың артуын да білдіреді. Сонымен бірге халықаралық талаптарға сай өнім шығару басқа экспорттық нарықтарды игеру үшін тәжірибе қалыптастырады.

Қазақстандық дәрінің Еуропалық одақ нарығына алғаш рет жеткізілуі Шымкентте өндірілген жоғары қосылған құны бар өнімнің халықаралық нарықтағы мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл отандық фармацевтиканың экспорттық әлеуетін арттырып, Шымкенттің заманауи фармацевтикалық өндіріс орталығы ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін соған сай қаржылық құрылым қажет екенін еске салды. Президент форум қатысушыларына бірнеше...

– Еліміз үшін бұл – сыртқы саясаттағы ең маңызды мақсаттардың бірі. Ортақ тарихымызға үңілсек, Қытай халқы біздің халқымызға ешқашан ешқандай зиян...